Грунт

Грунт[1](нем. grund — негіз, топырақ) — көбіне жердің морылу белдеуі шегінде болатын және адамның инженерлік- құрылыс қарекетінің объектісі болып табылатын таужыныстардың жинақтама атауы, тау жыныстарынан, топырақтан, техногендік түзілімдерден тұратын құрамдас бөлікті динамикалық жүйе; жердің үгілу белдеміндегі тау жыныстарының құрылыс ісінде, жол құрылысында, инженерлік геологияда, тағы басқа ғылым мен өндіріс салаларында қолданылатын жиынтық аты.[2]

  • Грунттар негізінен екі түрге бөлінеді:
  1. тұтас күйінде не жарықшалармен бөлінген массив қалпында жататын қатты Грунт Бұларға магмалық атпа жыныстар (гранит, базальт, тағы басқа), метаморфтануға шалынған жыныстар (гнейс, тақтатас, тағы басқа) және шөгінді жыныстар (әктас, құмтас, мергель, тағы басқа) жатады;
  2. түпкі жыныстардың үгілуінен, тасымалданып шегінуінен түзілген және олардың бетін көмкеріп, бос күйінде жататын борпылдақ Грунт (малта тас, қиыршықтас, құм, құмайт, саз, тағы басқа).

Қасиеті

Грунттың құрамы мен физикалық қасиеттерін инженерлік геологияның бір саласы – грунттану ғылымы зерттейді. Үлкенді-кішілі сан алуан құрылыстарды (өндірістік ғимараттар, үйлер, көпірлер, жолдар, бөгеттер, туннельдер, тағы басқа) салу үшін грунттар алдын ала жан-жақты зерттеледі (қысымға беріктілігі, суыққа төзімділігі, тағы басқа). Республика жерінде негізінен борпылдақ грунт кең тараған.[3]

Ылғал сыйымдылығы

Грунттардың ылғал сыйымдылығы — грунттардың (топырақтың) суды түрлі мөлшерде сіңіріп, ұстап тұра алу қасиеті. Сан жағынан ол салмақтық немесе көлемдік бірліктермен беріледі. Ылғал сыйымдылық мынандай түрлерге бөлінеді:

1) ылғалтартқыштық;
2) ең жоғарғы молекулалық;
3) капиллярлық;
4) толық.

Ылғал сыйымдылық дәрежесі бойынша таужыныстар әр түрлі болады: ылғал сыйымды саздар, шымтезектер және т.б; ылғалды нашар сыйыстырушы — ұсақ және орта түйірлі құмдар, мергельдер, бор және т.б; ылғал сыйыстырмайтын — малтатастар, қиыршықтас, ірі түйірлі құмдар, атқылама және метаморфты шомбал таужыныстар.[4]

Сіңіру мүмкіндігі

Грунттың сіңіру мүмкіндігі — грунттың түрлі заттарды сіңіру және түту қасиеттері. Грунттың үгілуі, сілтіленуі және грунттағы басқа да барлық процестер үшін өте маңызды; айтарлықтай дәрежеде грунттың өнімділігін анықтайды. Грунттың (топырақтың) сіңіру мүмкіндігі — тыңайтқыштарды қолдану мен химиялық мелиорацияның теориялық негізі. Грунттың сіңіру мүмкіндігі механикалық (грунт қуыстарының грунт арқылы сүзілген судан қатты бөлшектерді ұстап қалуы), физикалық (адсорбциялық күштер есебінен топырақ электролитінде еріген минералдық және органикалық заттардың қатты фазаның бетінде ұсталып қалуы), физика-химиялық немесе алмасу (топырақ ерітіндісімен қатты фазаның түрлі катиондар мен аниондарды жүтуы және басқа текті катиондар мен аниондарды ерітіндіге бөлуі), химиялық (шөгіндіге шөгетін және қатты фазаға қысылатын минералдық және органикалық компоненттердің еруі қиын тұздар түзу жолымен жұтылуы), биологиялық (өсімдіктердің минералдық қоректерінің азот қосылыстарымен, физиологиялық белсенді заттардың топырақтағы микроағзалармен және өсімдік тамырларымен сорбцияға ұшырауы) болып жіктеледі. Алмасу катиоңдары топырақтың сіңіру сыйымдылығын көрсетеді; оның шамасы топырақтың сіңіру кешеніне (негізінен топырақ коллоидтары), топырақ ерітіндісінің реакциясына және басқа факторларға байланысты өзгеріске ұшырайды.[4]

Грунттық сорғы — абразивті су қоспасын (құмды, қиыршық тасты, грунтты, шымтезекті және т.б.) тасымалдауға арналған жерсорғы. Тасымалдайтын қоспа температурасы +60°с дейін болатын, едетте, консольды типті көлденең немесе тік білікті сорғылар. Өнімділік мөлшері сағатына 7—16000 м3, арыны 8-80 м, ПӘК-і 50-75% аралығында болады. Өндірісте грунттық сорғының екі түрі бар: 1) сорғы станциясы ғимаратында орналасқан тұрақты грунттық сорғы; 2) ұңғымалар мен құдықтардан су қоспасын көтеруге арналған ұңғымалық грунттық сорғы.[4][5]

Дереккөздер

  1. Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі: Геология— Алматы: "Мектеп" баспасы", 2003.ӀSВN 5-7667-8188-1 ӀSВN 9965-16-512-2
  2. Орысша-қазақша түсіндірме жалпы сөздік: Көлік / профессор Е. Арын — Павлодар : «ЭКО» ҒӨФ. 2006.
  3. Қазақ энциклопедиясы
  4. a b c Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі. Су шарушылығы. – Алматы, «Мектеп» баспасы, 2002 жыл.
  5. Мұнай және газ геологиясы танымдық және кәсіптік-технологиялық терминдерінің түсіндірме сөздігі. Анықтамалық басылым. — Алматы: 2003 жыл. ISBN 9965-472-27-0


Strategi Solo vs Squad di Free Fire: Cara Menang Mudah!