Көбінесе тоғайлы және таулы жерде тіршілік етеді. Биік ағаштар мен зәулім жар тасқа ұя салып, 1—2 жұмыртқа табады. Орта Азияда, Қазақстанда бүркітті қолға үйретіп түлкі, елік, қарақұйрық сияқты аңдарға салады, шабыты түскен кырағы бүркіттер қасқырды да алады, ашынғанда адамға да түседі.[2]
Сипаттамасы
Кең қанаттары (созған кезде 2 метрге дейін жетеді) мен қысқа құйрығы (30—35 см) ұшқан кезде "ұшып бара жатқан қанатқа" ұқсайды. Ұябасары шәулісіне қарағанда ірілеу болады. Латынша "алтын қыран" деген аты күштілік пен айбындылықтың белгісі ретінде 200 жыл бұрын берілген. Бүркіттің салмағы 3 кг-нан 6 кг-ға дейін. Үлкен құстары қара-күрең түсті, төменгі жақтары ақшылдау болады. Ұясын ағаштарға, құз-жартастардың басына, ал далалы жерде — жерге салады. Өте жақсы ұшады, жерде жақсы жүреді, жүгіре алады. Жемтігін ұстаған кезде, жартылай ашылған қанатымен ұстайды. Ұсақ және орташа сүтқоректілерді және құстарды ұстайды. Қазақстанда ормансыз және шөл далалардан басқа барлық жерлерде кездеседі, бірақ сирек. Қыста көбіне оңтүстікке ұшып кетеді.
Саны азайып бара жатқан, сирек кездесетін құс. Қазақстанда кең таралған, бірақ біркелкі емес, кездейсоқ. Жалаңаш және құз-жартасты тауларды, қыраттарды, қарағайлы және басқа да тоғайларды, өзендердің жайылмасын, сексеуілді шөлдерді мекендейді. Қазақстандағы жалпы саны белгісіз, шамасы бірнеше жүз болуы керек. Санының азаюының негізгі себептері: заңсыз аулау, қолда өсіру үшін ұядан балапандарын алу, ересек құстардың электр сымдарында, қақпан моңыңдағы уланған жемдерді жеп өлуі және қақпанға түсуі. Бүркітті қорғауды кеңінен насихаттап, заңды түрде қорғау тәртібін белгілеп, аңшы құс ретінде қолда бағу жағдайын жасау керек.
Бүркіт – сұңқартәрізділер отряды, қаршыға тұқымдасының қырандар туысына жататын ірі жыртқыш құс. Латынша аты (Aquіla chrysaetos) «алтын қыран» деген ұғымды білдіреді. Түркі халықтарының көпшілігі «бүркіт» (жемтігін бүріп ұстау тәсіліне сәйкес) деп атайды. Бүркіт Солтүстік Американы, Еуразияны, Солтүстік-Батыс Африканы, Жапония аралдарын мекендейді. Қазақстанда оның алты түр тармағы Маңғыстау, Үстірт, Мұғалжар, Сыр бойы, Қызылқұм, Бетпақдала, Сарыарқа, Тянь-Шань, Тарбағатай, Алтай өңірлеріндегі жазық жерлерде, тау бөктерінде кездеседі. Бүркіт – қырандар ішіндегі ең ірі әрі күшті, дене бітімі мығым, жылдам ұшатын құс. Саусақтары салалы, ірі әрі бедерлі (мүйіз қабыршақты). Қауырсындары бір түсті қара қоңыр. Желкесі мен мойнының сырты сарғыш-жирен түсті. Жас бүркіттің құйрығы ақ, оның ұшында жалпақ қара жолағы, қанатының астында ірі ақ қауырсындары болады. Бүркіттің қанатының шеткі қауырсындарын шалғысы деп, ал құйрығының ортасындағы екі қабат әлді қауырсынын көбесі, қалғандарын жебесі деп атайды. Ұябасарының бір қанатының ұзындығы (топшысынан шалғысының ұшына дейінгі аралығы) 65 – 74 см, шәулісінікі – 59 – 66 см. Ұябасарының салмағы 3,8 – 6,3 кг, шәулісінікі 2,8 – 4,1 кг. Бүркіттің құйрық қанатының ұзындығы 33 – 36 см. Тұмсығының үстіңгі жағы төмен қарай иіліп келген, ұшы үшкір болады. Жұптасып тіршілік етеді. Бүркітсуыр, қоян, түлкі, борсықты, кейде тышқан мен саршұнақты, тасбақаны, тұяқты жануарлардың (ақ бөкен, елік, қарақұйрық) төлдерін жейді.Бүркіт аңды тырнағымен емес, табанындағы бүртіктері – бездерімен буындырып өлтіреді. Үлкен ұясын (диаметрі 1,5 – 2 м) қурап қалған ағаш бұтақтарынан құздың, жартастың басына бірнеше жыл қатарынан салады. Наурыз – сәуірде бір – үштен жұмыртқалайды, оны әдетте ұябасары қырық – қырық бес күн шайқайды. Балапандарын алғашқы күндері шәулісі асырайды. Олар екі жарым айлығында ұядан ұшады, бірақ ұябасары мен шәулісі ұзақ уақыт бойы баулып, қарауылдап жүреді. Табиғи жағдайда бүркіт жүз жылдай тіршілік етеді. Қазақ құсбегілері бүркітті жасына қарай ажыратып, атай білген. Мысалы: бір жастағысын – балапан, екідегісін – қантүбіт, үштегісін – тірнек, төрттегісін – тас түлек, бестегісін – мұзбалақ, алтыдағысын – көк түбіт, жетідегісін – қана, сегіздегісін – жаңа, тоғыздағысын – майтүбіт, ондағысын – барқын, он бірдегісін – баршын, ал он екі жастағысын – шөгел деп атаған. Халық ұғымында бүркіт – текті әрі киелі құс. Мысалы, балалардың бас киіміне, бесікке бүркіттің бармағын тағып қойған. Академик Әлкей Марғұланның зерттеулерінен қазақ тілінде тікелей бүркітке қатысты бір жарым мыңдай ұғым бар екендігі туралы деректерді кездестіруге болады. Мысалы, бүркіттің әрбір дене мүшесінің, жеке бармақтарының, қауырсындарының өз атаулары бар. Құс аяғының өкше бармағы – тегеурін, екі ойықтың ішкі жағындағы сұқ бармағы – жембасар, орта бармағы – сығым, шынашағы – шеңгел (сілім) деп аталады. Қыран бүркіт мықтылықтың, қайсарлықтың, еркіндіктің белгісі. Қазақстан Республикасының Туындағы бүркіт бейнесі азаттық айбыны ретінде бейнеленген. Бүркітті қолға үйретіп, баптап, саятшылықта пайдалану – қазақ халқының ертеден келе жатқан өнері. Оны аңға салу – төзімділікті, іскерлікті, асқан шеберлікті керек етеді. Бүркіттің балапанын ұядан алу үшін де үлкен тапқырлық керек. Амал-айласы жетпесе, адам балапанды өлтіріп алуы мүмкін. Қазіргі кезде бүркітшілік өнерге ерекше көңіл бөлініп,Қарағанды,Алматы облыстарында арнайы салбурын ұйымдастырылып, жас бүркітшілер мектебі ашылуда. БүркітАқсу-Жабағылы, Алматы, Марқакөл, Үстірт қорықтарында қорғалады. Олардың санының жылдан-жылға азаюына байланысты Қазақстанның «Қызыл кітабына» (1996) енгізілген.
Бүркітті баулып, онымен аң аулау кәсібі, саятшылықтың бір түрі. Бұл кәсіппен ертеде көшпелі түркі тектес халықтар шұғылданған. Тарихи деректер бойынша Жошы ханның 3 мың бүркітшісі болған. Бүркітті екі түрлі жолмен ұстайды: біріншісі – балапанын ұядан алып, қолдан баулу. Ондай бүркітті қолбала дейді. Екіншісі – бүркітті тағы күйінде ұстап үйрету. Бұлар – тірнек, тастүлек, мұзбалақ сияқты түз құстары. Бүркіт балапанын жем беру арқылы баулиды. Тұғырға отыруға жарасымен томаға кигізіп, балақ бау тағып, қолға қондыра бастайды. Ұшуға жараған кезде етке қант бүркіп, қоян, түлкі, қарсақ сияқты аңдардың терісіне орап, шыжым жіппен сүйретіп жүріп жегізеді, мұны «шырға тарту» дейді. Алдымен жас бөлтірік, көжек, түлкінің күшігі сияқты әлсіз аңдарды тірідей шоқытып ауыздандырады. Бұл – құсты «аңға баулу» деп аталады. Ал түз құсын ең алдымен томағалайды да, ырғаққа отырғызады. Ұйқыдан қалжыраған бүркіт бірте-бірте адамның ыңғайына көне бастайды, сол кезде қолдан жем беріп, дыбыс шығарып, басынан, қанат қырынан, арқасынан, жемсауынан сылап-сипап үйретеді. Түз құстарын елу – алпыс күннен кейін ұшырып, ұсақ аңға салады. Бүркіт біршама қоңды, жемге шабытты, сергек күйде болу керек. Сондықтан әр бүркіттің тегіне, қырандығына, жасына қарай әр жағдайда берілетін жемдері болады. Мысалы, «қан соқта», «жылы жұмсақ», «қызыл», «тоят» деп аталатын жемдер семірту мен түлекке отырғызғанда, құстың еті төмендеп кеткенде беріледі. «Тартпа», «толарсақ» дейтін жемдер бүркітті ширықтыру үшін берілсе, «сарбөртпе» (туралған ет бір – екі рет суға шайылады) құстың етін бір қалыпты ұстау үшін, «ақ жем» (суға сығымдап, қан-сөлі алынған, туралған ет) құстың етін төмендету және ашқарақтануы үшін беріледі. Бүркітшінің түлекті осындай түрлі жеммен баптауын «қайыру» дейді. Наурыз, көкек айларынан бастап, бүркітші құсты тойғыза жемдеп түлекке отырғызады. Ол бүркіт алатын аңдардың жатағын, өрісін, ізін танып, білетін байқампаз да болады. Аңға шығарғанда бүркітшінің жанында аяқ бау, балақ бау, тұғыр, балдақ, томаға, сапты аяқ, биялай, жеңсе бұрау (түлкі бұрайтын айыр бас шыбық), жем қалта, шыжым, пышақ, ине, тарамыс, бөлеу (бүркіт бесігі) сияқты қажетті жабдықтары болады. Бүркітші саятшылыққа бірнеше кісімен шықса, оны салбурынға шығу дейді.
Салбурын
Аңшы, саятшылардың топталып, бірнеше күнге аң аулауға шығуы, яғни топтық аң аулау. Салбурын аңшылардың мерекесі тәрізді, негізінен қыс мезгілінде өтеді. Мұнда ауланған аң бәріне бірдей тең бөлінеді. Ауыл ақсақалдарының үлесі бөлек есептеледі. Салбурын аңшылардың ерлігі мен ептілігін, азаматтығын сынайтын жол. Аңшылардың қысты күні күтетін сәті – сонар. Қансонарда қыстың тынық күні ұлпа қар жерге түскен кезде аңның ізі тайға таңба басқандай анық көрініп жатады. Аңшылар осындай сонарда салбурынға шығады да, ізіне түскен аңды қаумалап жүріп, соғып алады. Салбурын кезінде інінде, апанында тығылып жатқан аңды аңшылар дабыл қағып, айғайлап, қиқулап, ит қосып үркітіп шығарады.[3][4]
Қазақстанның "Қызыл кітабына" енгізіліп, ерекше қорғауға алынған.[5]
Бүркіт түрлері
Қазақ құсбегілері бүркіттің мекеніне қарай құз құсы немесе may құсы, сондай-ақ ой құсы немесе қыр құсы деп ажыратады. Құз құсының бітімі кесек, кеуделі, яғни ірі, ал ой құсы шағындау келеді. Академик Ә.Марғұланның айтуынша, қазақ саятшы лары бүркітті таралған өңірі, аң ілу сипаты, бітіміне қарай Оралдың ақиығы, Алтайдың мұзбалағы, шөгелдер деп үлкен үш топқа бөледі[6].
Оралдың ақиығы шөлейт, суық өлкелерде, Орал, Мұғалжар тауларын, күнбатыс Сібір өңірін мекендейді. Басқа бүркіттерге қарағанда түсі қылаң, басы қара қоңыр, иық жүндері жапырақталған, сыр¬ты ақтеңбіл, бауыры кертарлан, балақ, саңғуыр жүндері ақтандақ, кер шұбар, қанатының асты қоңыр, қарасы аз болады. Оралдың ақиығы азулы аңнан қаймықпайтын, тұз құсының қайтпас қайраттысы, тіпті кұлан мен киікті де алады. Алтайдың мұзбалағы- бүркіттердің аса қарулы және ең ірісі. Жалпы түсі қара тарлан болып келеді. Балақ және бауыр жүндері қоңыр түсті. Олар Тарбағатай, Шыңғыстау, Қарқаралы, Балқаш төңірегінде де кездеседі. Шөгелдер- бүркіттің тағы бір тобын қүрайды. Алатау және Памир таула¬рын мекендейді. Шөгелдер өз кезегінде екі түрге бөлінеді: мұзбалақ шөгелдің балақ жүні шудаланып, саусағына түсіп тұрады; шашақты шөгелдің желкедегі қара құсы шығыңқы келеді, саусақтары кесек, қалың құж-құж болып тұрады. Шөгелдер де аса куатты бүркіттердің тобына жатады - арқар, киік, қасқыр сияқты ірі аңдарға түседі. Түсі суық, өте тәкаппар келеді. Шөгел тұғырда бір аяғын ішіне алып, жалғыз аяқпен ғана отыратындықтан кербез деген атауға ие болды.
Академик Ә.Марғұланның айтуына қарағанда, қазақ саятшылары бүркіттің аталған үш тобын он екі түрге жіктеген. Олар: Қазықтының қарагері (Орал, күнбатыс Сібірде), Құмның қызыл көзі (Сарысу, Шу өзенінің аяғы, Қаратау, Сырдария),Желектінің жирен тұяғы (Сырдария, Қаратауда), Қарағайдың қоңыраласы (Ертістің күншығыс жағындағы ішкі Сібірге қарай созылып жатқан қарағайды), Есбалақтың есерсоғы(Алатау мен Тарбағатайдың биік тауларын),Өлтірмей бермес Өтеген (орманды жерде), Ертістің сарышолағы (қайың ішіне ұялап өседі), Несібелі байғасқа (аңға қосуда, ерекше бапты қажет етпейтін, көнбіс қыран), Сарықұс, Қарашегір, Сарышегір Дересіннің тұяғы (саятшылар көбірек құмартатын қыран).
Бүркіттің ұя салуы
Бүркіт төрт жасында денесі толысып, жыныстық жағынан жетіліп, ұя сала бастайды. Күйт ойнағы басқа жыртқыш құстардікіндей өтеді. Академик Ә.Марғұланның жазуына қарағанда, бүркітшінің пірі Жалайыр Шораның асқан құсбегілігі жөнінде былай дейді: бүркітші «...кейде оларды таудың ішіне бос жіберіп жұмыртқалатып, жемді өзі жеткізіп тұрған. Иесіне үйренген құс тұз құсындай сескеніп, жұмыртқасын қызғанбайды, қайта жем іздеген кезінде таудың ішін жаңғыртып шу көтеріп, құсбегінің тез жем әкелуін күтеді». Бүркіт еркегін қазақта сарша немесе шәулі, ұрғашысын ұябасар деп атай¬ды. Жұптасқаннан кейін (аққулар сияқты) тіршілігінің соңына дейін бірге жүреді. Әрбір жұп бүркіттің 2-3 ұясы бо¬лады, оларды үнемі алмастырып отырады. Бүркіт қаңтарда шағылысып, ақпанда ұя салып, наурыздың басы немесе көкек айының соңына ала көмескілеу қоңыр дақты бір не екі жұмыртқа салады. Оны шәулі мен ұябасар кезектесіп 40-45 күн басады. Жұмыртқадан шыққан балапан бір аптадай құсықпен қоректеніп, кейін ет жемге ауысады. Балапанның осы аралыққа дейінгі кезеңі «ақ үрпек» деп аталады. Балапан қасқыр, түлкі, киік етін жеп дәніккен соң кейін өсе келе сондай аңдарға құмар болады. Бұл қазақтың «балапан ұяда нені көрсе, ұшқанда соны іледі» деген қанатты сөзінің арқауына айналған. Бүркіт балапанын екі-үш ай баулиды. Қауырсыны өсіп қатайып «қылышы» айқасқан соң ұшуға талпынады. Алғаш ұшқан балапанын бүркіттер қанатымен демеп, сүйемелдеп ұшуға үйретеді.
Бүркіттің бітімі
Ту сыртынан қарағанда мынадай бөліктерден тұрады: тамақ, жемсау, төссүйек, ерсүйек, бөтеге, сан, тобық (тірсек), сирақ, жіліншік немесе баутағар. Бүркіт қаңқасы негізінен арқа омыртқаларынан, төстен және құйымшақ сүйектерінен тұрады. Ал басқа сүйектер аталмыш сүйек мүшелерін өзара жалғастырады. Жая, төс сүйектері қатты, әрі кең болады. Төстің қабырғамен астасатын шеті жұмыр, бауыр жағы қырлы келеді. Төс сүйекті арқа омыртқамен байланыстырып тұрған шомбал келген бұғана (қабырға) тұсы «төс айшығын» құрайды және бүркіттің екпін тегеурінін күшейтетін «тетік» болып есептелінеді (Ә.Марғұлан).
Қанатында жауырын, тоқпан жілік, қар жілік, жіліншік, саусақ, бақалшық сияқты мүшелер бір-бірімен тұтаса орналасқан. Қанаттың иықбелдеуінде жауырын, бұғана, топшы сүйектері бірнеше буынды (иық, керме иық, толшы, би буын) түзеді. Иық түсынан сыртқа қарай шодырая біткен буынды толшы деп атайды. Жетім шалғы мен топшы арасындағы би буыны аңға түскен кез¬де шығып кететін жағдай ұшырасады. Ондайда шалғысы салбырап бос қалады. Топшы мен білек сүйектерден салаланып шыққан қанат шалғылар ұшуда басты міндет атқарады. Бүркіттің жіліншігін құсбегілер баутағар деп атайды. Ал баутағар (жіліншігіндегі) жүні тұяғына дейін түсіп тұратын мұзбалақтардың шудасы арқасына дейін мол түсетіндіктен суыққа төзімді болады.
Тұмсықтың көбе, орақ, тұмсық мүйіз, оған жапсарлас иектің екі жағындағы қалқан, оған жапсарлас өткір қиғақ деп аталатын бөліктері бар. Тұмсық мүйізінің езуге жапсарласқан жиегі, астыңғы иектің екі жағын жаба түскен мүйізділеу бөлігі қиғақ делінеді. Бүркіт өткір қиғағымен тістегенін қиып түсіреді. Тұмсық көбесі мен маңдай аралығындағы түксіз, жарғақты келген қасқа маңдайы кең әрі көтеріңкі, ал езуінің асты үстіңгісінен сәл-пәл озыңқы болса, тектіліктің белгісіне саналады. Езуін самқау деп атайды. Ол үлкейген сайын бүркіттің қуаты да күшейе береді. Бүркіттің ұшуын тежеп, кенеттен тоқтауын құйрық шалғы атқарады (қаршыға, тұйғын тәрізді құстардың құйрығы ұзынырақ келеді). Құйрық шалғысы 12-ден кем болса, ұшуға олақ, қимылы орашолақ, өзі қорғалақ, ебедейсіз болады.
Бүркіттің тағы бір қасиеті оның жанары мен көзінің аясының ерекшелігінде жатыр. Көз ұясы аумақты, қабағы шалқақ, алды жазыңқы бітуі көздің жан-жаққа қырағы қарауына қолайлылық тудырады. Көз алдының қабығы (немесе кеңсірік қабығы) кұс басқан қарақылшықтанып тұрады және әртүрлі түсті болып келеді. Бүркіт көзінің сыны: жайнаған көз, шатынаған көз, шырадай жанған көз, тоғайлы көз, қанды көз, шүңірек көз, қаракөз, қысық көз, құм көз, тұз көз, қанқызыл көз, аң шегір, алтын шегір, жезшегір, көкшегір, күрең шегір, кішірекшегір, қан шегір т.б. Қазақтар «құстың жүрегі көзінен көрінеді» дейді. Көзі мөлдір, жәудіреген, сукөз, мұз көз болса нашар, қарашығы тұнық емес, ажарсыз, күңгірт болса қайратсыз дейді. Көзінен сағым ойнап, түбінен миы көрінген шегір кұстар қырағы тез байқағыш келеді. Соған байланысты қанды көз және қырағы деп те екіге бөледі. Қанды көз қырандар көп қайыру тілемейді, ал қырағысы аспаннан ұсақ-түйекке дейін жіті көреді, бірақ ерекше бабты қажет етеді.
Құсбегілікке қатысты әдебиеттерде, құсбегілер тәжірибесінде жақсы, алғыр бүркіттің сыны мынадай деп сипатталады: үңгірлене біткен биік қабағы, оның астында шоқтай жайнаған, от шапқан, қарасы сұсты жанарлы болады. Жазықтау маңдайлы, мойны жуан, басы етсіз, желкесін қызылшулан түсті қою шуда орап, жотасына қарай құлаған; төс сүйегі жалды, айыршағы кең, иығы шығыңқы, жота мен қабырға жүндері тораңғының жапырағындай жалпақ, ұшы сүйір, алқасынан бауырына қарай біткен мамық жүндерінің түбі тығыз, мамықтың ұшы кер жолақты, саны бір тұтам, төрт еліден үлкен, аяқтарының арасы алыс (талтақ), саусақтары бұйра қышырлы, тұяқтары инедей түзу әрі өткір, мелжемді. Жақсы бүркіт саңғырығын алысқа қарай тастайды, басын тік ұстап, аяғының арасын тұғырға алыс салады, жебелі құйрығы мен шалғылығын керегедей қомдап отырады. Бүркіттің саусақтарының үстіндегі жүгері дәніне ұқсас домалақ түйір тастарын бүркіт аяғының тасы деп атай¬ды. Егер осы тас төрт саусақтың үстінде теп-тегіс төрттен болса, оның маңдайалды сыны болады немесе ортаңғы саусағының тасы төртеу болып, басқа салалары үштен болса да жаман емес. Қыран тұяғының болаттай мықты әрі өткірлігі туралы бүркітшілер: «тұяқтарының түбі құдды сиырдың мүйізі сияқты былтығыр, ұшы инедей үшкір болып, әр тұяғының бір жағына жабысып біткен пышақтың жүзіндей табиғи мүйізді тұяқ болатын» дейді. Асқан қыран құс тұяғының осындай пышақтай өткір болаты алған аңының ішін жарып та жіберетін болған. Ондай қыранды ішжарғыш деп те атайды. Кейде бүркіт түлкіге көп түсіп, тұяғының болаты мұқалған болса, құсбегі оны пышақпен қырлап, жонып, өткірлеп қоятын болған.[7]
Бүркіт тегеуіріні
Құстың аяғы төрт саусақты келеді: өкше жағындағы саусағын тегеурін, ішкі жағындағы саусағын жембасар, ортаңғысын сығым, сыртқы жағындағы шынашағын шеңгел (кей өңірде ілгіш) деп атайды. Құс аяғының күшті болуы ондағы бұлшық ет, тарамыс, сіңірлер сүйекпен бірге байланыса біткендігімен байланысты. Әсіресе тегеуірін мен жембасардың тарамысы бауырына ала иректеле бітіп, оның әрбір шодырайған ирегіне буындағы сіңір қыры дәлме-дәл келетіндігі аталған саусақтарға ерекше күш береді.
Саусақ тұяқ, пышақ, көбе, без, қожыр табан, табан қышыры, болат, қабыршақ сияқты бөліктерден тұрады. Тұяқтың ойық өзегін жақтаулаған мүйізді өткір, доғалы қыры пышақ деп аталады. Онымен жалғас көбеге дейінгі аралықтағы бунақталып келген бұдырды болат деп атап, оның саны көп болса әлді қыранға балайды.
Бүркіт жүндерінің, әсіресе төс, бауыр жүндері ұшында болатын болымсыз ақтаңдақтарды ақ бұршақ деп атайды және олар ту сыртынан қарағанда шұбар рең береді. Жүні қалың да ұзын болса, суыққа төзімді келеді, егер қоянның жүніндей жұмсақ білініп тұрса, онда ажарсыз, жасық екендігінің белгісі. Алайда оның жүндері қайратты болғанымен, қабырғасындағы керме жүні (қапталы деп те аталады) алдына қарай қарсы болып бітпей, артына қарай бірыңғай біткен болса, ондай бүркітті түлкіге түспейді деп есептейді.
Бүркіт тұғыры
Құс күтіміне арналған бүркіт отыратын жабдық. Ағаштан жасалатын«орындықтың» биіктігі құс отырғанда шалғысы жерге тимейтіндей мөлшерде, шамамен 1,5-2 қарыс (30-40 см), жуандығы бір білемдей 3-4 сирағы жан-жаққа талтайыңқы келеді. Ұсақ құстардікі, әрине мұнан көп аласа, құс отырғанда шалғылығы жерге тимейтіндей ғана биік. Құс отыратын 25x10 см-лік үстіңгі текше табаны немесе бір білемдей құсқонары болады. Текше табанды тұғырда бүркіттің тұяғы білемдей ұстап, таймай отыратынкемеріболады. Құс отыратын«құс басар» аталатын бөлігінің киізбен қапталуы құс тұяғын мүжілуден сақтайды.
Өзіне сай жайлы, орнықты тұғырда отырған бүркіт құйрығын, шалғылығын жерге тіреп сындырмайды, керісінше мойнын қайырып отырып, екі аяғын кезекпен ішіне тартып көтеріп, сыңар аяқпен ұйықтайды. Еркін тыныстап, алысқа саңғып, денесі сергек отыруын қамтамасыз етеді. Тұғыр үйдің оң жақ босағасына қойылады, қастерленіп, мұрагерлікке қалдырылатын қасиетті бұйым есебінде жүреді.
Тұғыр бөліктерін жасауға шым, тас, саз сияқты табиғи заттарды да пайдаланады. Шым құс тұяғының өсіп жетілуін, тас өткірленуін, саз құс денесін салқындатуға әсер етеді. Қыран құстар баршын тартып әбден қартайғанда, тұғырда отырып қалғып кетіп, құлап қалады. Ал қазақтың қартайған қыран құстардың аң-құсқа түсетін қауқары болса, «әлі тұғырдан тайған жоқ» деп айтуы кейін адамға қатысты да айтылатын болған.
Бүркіттің тұғырына адамның отыруына болмайды. Қазақта «ат өлсе, ер-тоқым үйіледі, құс өлсе тұғыр күйінеді» деген сөз бар. Осыған орай тұғырды бос қоймай, ұдайы қолдану қажет деген қағидамен атадан балаға мұрагерлікке қалдыратын болған. Ал мұрагерлерішінде құсбегілікті ұстанғаны болмаса, басқа біреу құс ұстап алып келсе, міндетті түрде соған тарту еткен.
Бүркіт қос / Тал үйшік - үш қанаттан құрастырылып тігілген орынжай. Ертеде қазақ дегдарлары аушықұстарын арнайы орын жайға баққан. Бұндай орынжайдың кең тараған түрі -«ұраңқайлап» тігілген бүркіт қосы.
Бүркітті қолга түсіру -түрлі тәсілдер мен амал-айлалар арқылы қыран құсты қолға түсіру үрдісі. Бұл негізінен екі топқа бөлінеді: бірінші - түз бүркітті қолға түсіру; екінші - ұядан балапан алу.
Түз бүркітті қолға түсіру. Түз бүркіт деп ұядан ұшып, аң-құс алып жүрген бүркітті айтады. Оны шаппа тұзақпен ұстау, қақпан құру, тояттап отырғанда мойын тұзақ салу, көбінесе тор жаю сияқты тәсілдері арқылы ұстайды. Бүркітті қызықтырып торға түсіру үшін қоянның бітеу терісіне шөпті нығап, қоян сияқты кеп жасап, ұзыны қоянның бойымен бірдей, жалпақтығы екі елі келетін жұқа тақтайдың ортасын басбармақ ай-налатындай тесіп, кептің ішіне кіргізіп орналастырады. Кендір жіптен ширатылған бұл тұзаққа дала бүркіті келіп қонғанда, алдын-ала дайындалған нәзік тиекілмектен ағытылып, тоқпақ лып етіп тез төмен тартып әкетеді. Осы уақытта тұзақ бүркіттің білегіне түсіп, ағаштың басында аспақталып қалады. Осындай шаппа тұзақпен аулау бүркіт ең қауіпті тәсілдердің бірі бо¬лып есептелінеді. Тояттатып ұстау —бүркіт жемтігін алып жеп тояттап отырғанда, бақылап тұрып атпен қуалайды. Әбден етке тойып денесі ауырлап, тынысытарылған бүркіт үш-бес шақырым ұшқан соң болдырып, жерге түсіп, етпетімен қанатын жая алмай жатып қалады.Артынан жеткен қуғыншы оны ұстап алып шалқасынанжатқызып, жемсаудағы етті дереу сығып, шығарып та¬стайды. Әйтпесе, бүркіт дертке шалдығады.
Бүркіт балапанын ұядан алу - құсбегілердің бүркіт балапанын ұядан ұшпай тұрып қолға түсіруі. Қазақ құсбегілері балапанды ұядан алудың әртүрлі тәсілдерін қолданған: арқан байлаған керегеге жабыса түсіп қия жартастағы ұядан балапан алу; балапанды үркітіп алу; түнде буалдырықтап ұстау; шырақ жағып ұстау және т.б. Осындай жолмен алынып қолға үйретілген балапан қолбала бүркіт деп аталады. Қолбала бүркітке қарағанда, түзде еркін жүрген бүркіттің қырандық қасиеті басым болып келеді.
Бүркітті баулу
Қолға түсірген бүркітті аңшылыққа «тәрбиелеу» жолдары. Ересек түз бүркітін алдымен жуасытады. Содан кейін иесіне, маңайындағы адамдар мен малдарға бойын үйретеді. Түз бүркітті қолға шақыруға үйретеді. Ал қолбала бүркітті шырғаға түсу, тірі аңға салу («тірілеу» деп атайды) сияқты машықтарға үйретеді.
Түз бүркітті жуасыту - бірнеше түлекке отырған еркіндіктегі бүркітті қолға үйрету. Қолға түскен түз бүркітіне ең әуелі томаға кигізіліп, аяқбау тағылады. Егер тәкаппар да, тағы түз бүркіт қыста қолға түссе ішқұсаланып, күйініп өліп қалмас үшін сықпалаған қар, мұз береді, басқа маусымда су жұтқызады. Өйткені қолға түскен тағы құс адамнан зәресі ұшып, жемсауындағы жемді қорыта алмай қалады. Түз бүркітін тез жуасыту үшін суға салып, көңге аунатып, көң шашып, сабынды сумен жуып құстың түздік иісін кетіреді. Ал құсбегінің өзі жағымсыз иіс-қоңыстан аулақ болмаса, бүркіт те оны қабылдамайды.
Бұл әдістерге көндікпесе ырғаққа (селкілдек деп те аталады) отырғызады. Көбінде түн уақытында ауыл адамдарын жинап, ән салып, күй тартқызып, дуылдатып ұйқысын алдырып шаршатады. Оңды-солды қозғалған, ойнақшыған әткеншек ырғақта жығылып қалмас үшін бүркіт қарманып, тыртысып отырады да ақырында (асқан асаулары 3-4 күн өткенде) ұйқысы қашып, соңында болдырып мең-зең болып қалжыраған күйге түседі. Осыдан кейін-ақ адамға үйір болып жуасып, ырыққа көніп, тыпырлап қарсыласуын азайтады. Аушы құс өте кекшіл келетіндіктен, бүркіттің саусақтарын тарай ашып, шеңгелін қысып отырмауға дағдыландырады. Қолға үйретудің қимыл әрекеттеріне төзбей семіздіктен, асаулықтан түтігіп қызылмай болып қалуы, тіпті зорығып өліп кетуі мүмкін. Ондай да жемсауына түтікпен аздаған суық су, қара шай Бір аптадай сары бөртпемен тамақтандырады. Әбден сенімді түрде бауыр басқан құсты қолға шақыру басталады. Ол үшін биялайдың алақанына бір кесек ет тастап, «кә-кә». «кәу-кеу» деп жұмсақ үнмен дауыстап, шақырып жегізіп үйретеді. Осы дауысқа әбден үйренсе кейін иесінің дауысын жазбай танитын болады. Бүркітті қолға шақырып жүргенде түз құсы қашып кетпес үшін оның құйрық қауырсынын сүзіп байлап қою міндетті түрде талап етіледі. Сақа құсбегілердің тәжірибесіне қарағанда үш аптаның ішінде түз бүркіті жуасиды, қолға үйренеді.
Бүркітті тұғырға қондырып үйреткенде сол жақ аяғының білегінен немесе ортаңғы саусағынан ұстап демеп қондырып үйретеді. Қолға қондыру да осымен бірдей болады. Бүркітті оң қолға қондырып, сол қолмен томағалайды. Саусақтарының буындарын ұстап, ашып жұмып шаппайтын, қыспайтын етіп үйретеді. «Кә-кә, қыраным» деген дауысқа үйретіп, онан соң атқа алып жүруге ауысады. Уақыт өте келе шақыруға үйрету жалғасады. Еті азайып, ашыққан құс жемді місе тұтпайды. Жем көргенде қылмыңдап тесіле қарап, төзімі кетеді. Сол кезде биялайды қолға киіп, туралған еттен бір кесек алып, алақанға салып жегізіп, дәніктіреді. Осы әдіспен келе-келе қолдан жемді жұлып жейтін бо¬лады. Түз құсына аң алуды үйретудің қажеті шамалы болғандықтан, оған шырғаға тарту, тірілеу үрдістерін жасау артық.
Қолбала бүркітті баулу
Бұл үрдіс түз бүркітін жуасытудан өзгеше болады. Құсбегілер әдетте балапанды ұясынан жетілдіріп, ұшуға таяғанда алғанды жөн көреді. Ал егер балапан өте жас ақүрпек кезінде алынса, ержете келе орнынан тұра алмайтын тілерсек дертіне душар болып қалады. Балапанды ұядан әкелгеннен кейін арнаулы үйшікте (ретіне қарай) бос қойып, алдына су қойып, төбесінен жарық түсетін саңлау шығарып қояды. Балапан қарақанаттанғаннан кейін, екі артқы тегеурініне баулық тағып, темірден айлансоқ байлап, саздауыт жазық жерге шымнан жер тұғыр жасап, ит пен мал бармайтын оңаша жерге ұзын арқанмен мықтап арқандалады. Жоғарыдағы әдістермен асыраған балапан пыштақтамайтын болады. Тұғыр орнатып, қасына табаққа су, сүйегімен ет тастайды. Балапан осылайша өз бетімен жеп-ішіп үйренеді. Күз түскенге дейін балапан бүркіттің аяғындағы бауды оң, сол аяғының саусағына алмастырып отырады. Мұнан кейін жас құсты шырғаға түсіріп үйретеді. Шырға - құсбегілік өнерінің құсқа аң алдыру әдісінің маңызды сатысы.
Түз бүркітті шақыруға үйрету
Ол үшін биялаймен бір-екі рет жем жұлдырып алып, құсты биіктеу жерге отырғызып, аузына жетер-жетпес жерден тақап көрсетеді. Сол кезде бүркіт ұмтылып аузы жетпей, бір аяғын жұмсап, талпынып қолдағы жемге қонады. Шақыру жемін дәмді қылып (аздап қант шайнап бүркіп) отырса, бүркіт тез ұмтылады. Ашыққан құсты шақыруға үйреткенде тәтті сан етін қолға ұстап құсқа көрсетеді. Ең бір-екі жұлғыза-жұлғыза ұзақтан көрсетеді. Ондайда құс адамға қарай ұшып келіп дағдыланады. Ең соңында қызыл көрсе ұшып келетін болады. Ат үстінен шақыруға келсе құстың үйренгені.
Қолбала бүркітті шырғаға үйрету- аң алуға үйрете бастау. Қолбала бүркітті аңға түсуге үйретер алдында шырғаға жіп байлап сүйретеді. Шырға өлі, тірі болуы да мүмкін. Бүркіт шырғаға түскен кезде одан ет жұлдыртып жегізіп, дәніктіреді. Бүркітшілер бүркіттің шырғаға түскені аңга түскені дейді.
Шырғаны әу баста бүркіттің жанынан, еңістен төменге қарай сүйретіп бастырады. Біртіндеп алыстан сүйретіп шырғаның үстінен жем жұлдырып дәндетіп, алыс-жақында талғамай жетіп келетін, шақырушыл, шырғашыл етіп баулиды. Жақсы дағдыланып, адамға бейілін берген бүркіт аңға ұшырғанда, аң көрмесе әдетте ұзап кетпей, иесіне қарай тартады.
Бүркітті «тіріге» баулу немесе тірілеу- тірі аңды ұстауға баулу. Кейде бүркітшілер түлкіні ұстап алып, оның тірсегін кесіп жібере салады, тірсегі кесілген түлкі шоңқайып жүгіре алмайды, осы кезде бала бүркіт те түлкіге келіп түседі. Түлкіні өлтіртпей, біраз алысқаннан кейін ажыратып алады да, қызыл ет береді. Қызыл ет жеп дәніккен бүркіт түлкіге түседі. Түлкіге түсіруге баулудың бір амалы бүркітші түлкіні ұстап алып, інге кіруіне кедергі болатындай етіп, оның аузына көлденең ағаш қояды да, байлап тастайды. Бүркіттен қашқан түлкі інге кіре алмай әуреленеді. Осындай тәсілмен түлкіге түсуге баулиды.
Шырғаға әбден үйренген соң екінші мәрте тірілеуге шығарады. Алдын ала ұсталған түлкінің аузына тұмылдырық кигізіп (кейде інге кірмес үшін аузына көлденең ағаш та байлайды), аяғын өрелеп дайындайды. Бұл бүркіт аяғын шайнамасын әрі алысқа қашпасын дегені. Құсбегі атпен биіктеу төбеге шығып тұрып, түлкіні жіберген кезде томағасын сыпырады. Тірі жеп дәніккен құс тірі түлкіге бірден ұшады. Атпен жылдамдата жетіп, алған аңын тояттата жегізеді. Осылайша екі рет тіріленген бала бүркітті аңға шығаруға, қайыруға келді деп есептейді. Алғашқы жылы түлкіге жақыннан жіберуге тырысады және алған кезде жылдам жетіп көмек жасамаса, тәжірибесі аз болғандықтан, арандап қалуы мүмкін.
Бүркітті баптау -қыс бойы аңға салып, «қалжыраған» бүркітті саят маусымынан кейін табиғи қалпына келтіріп, түлеткеннен кейін қайырып, зар күйіне келтіру үрдісі.
Бүркітті түлекке отырғызу
Бүркітті көкек, мамыр айынан күтіп бағып жетілдіру. Жаз айларында көк шалғынды бұлақтардың жағасында бау, томағасын шешіп, екі тегеурінінен айналсоқ тағып арқандайды. Қансоқта жем үзбей беріледі. Аптапта күн көзіне ұзақ отырғызса, қанаты майып қыстыгүнгі сынғыш болады. Сондықтан тас, ағаш тұғыршалар орнатады, жауын-шашын, күн көзінен саялап паналайтын ықтасын жасалады. Түлек кезінде бүркіттің тұяғы тұнық болып, шымырланады. Жілік майлары толып, ақжіліктеніп, қауырсын шалғылары майланып, денесі толысады. Жақсы түлемесе қасқырдың немесе балықтың етін беріп, бірнеше мәрте жақсылап тойдыра жемдесе, жүні кеуіп күрт түлейді. Құс толық түлеп жетілген соң жаздың аяғында қайырылады, яғни жаңа аң маусымына дайындық ретінде бапталады.
Бүркіттің қайыруы- құстың саятқа шығуға лайықты, түлек пен қайырудан кейінгі аң түсерліктей күйге келуі. Баптардың алдында тілін байқағанда оның реңі қаралау болса, бап талғамайтындар; ал қызғылт бол¬са, орташа бап тілейтіндер; бозаң, ақшылдау түсті болса, бап тілейтін құстар қатарына жатады. Бүркітті аңға са¬лып арық-семіздітін тексеріп көреді. Етер бүркіттің еті томен, арық болса қанаты сөлбеңдеп, абдырап, түлкіге керенау барады. Түлкіге түссе де, ұстамай орнында қала береді. Оны «жаза түскен» деп атайды. Кездейсоқ ұстаса да арықтықтың салдарынан әлі жетпей, аңнан айырылып қалады. Ал егер аса семіз бүркіт түлкіге ұшқанымен, түспей ойнап жарысып, жайқап жүріп алады. Ұшқан сайын өрекпи жотарылап, қанатын ширақ қатады, жинақы, жеңіл қонады. Бұл етінің семіздігі, я болмаса бұзылтандығы болып есептеледі. Құстың семіз-арықтыты мен бабына келтен-келметендітін төс және сан еттеріне қарап шамалайды. Құс семіз болса, сан, төс еттері саусақ батпастай, тығыз, сыртқа қарай теуіп тұрады. Ал орта етіне келе бастатан болса, құстың сан еті мен төс еті былқылдап босайды. Бабына келген құстың саңғырығы аппақ түске енеді. Ал қайырылуы жетілмесе көгілдірленіп тұрады. Саңғырығытазарып (аппақ болып), ат үстіне келетін құсты құсбегілер тілімен айтқанда талпынды деп атайды, яғни құс төңіректі шарлап бағып, жиі сілкініп, қауырсындарын сатырлатып отырады.
Әр құс өзіндік қасиеті мен жаратылыс ерекшелігіне қарай бапталады: егер бабына келмесе көмейіне түтік жүгіртіп, семіз құстардың ішін шаю, тазалау, саңғыту шарасын жүргізеді. Осылайша қайтара келіп күйіне келгенін білу қиын емес. Ол томаға тартқанда әрбір жәндікке тесіле қарап, жұтынып тұрса, ұстап көргенде төс еті жұқарып, саны сыртына теуіп, жұмсарып тұрса, бабына, жақсы күйіне келгендігінің белгісі дейді. Құсбегі дауысын қаттылау шығара, көбірек сипалап, ду-дабырға үйретіп, қолда көбірек ұстайды. Қайыру басталғаннан 2-3 күн өткенде қоянның табан терісін сыдырып, жуып тазалап қоя ретінде жұтқызады. Егер қоя көкшіл, сарғыш түске енсе, құсқа бір ұрттам қызыл шай береді. Онан кейін сары бөртпе беріп отырады, шөліркемес үшін салқын су, қар беріп отырады. Бір апта өткен соң қолға алған сайын аузына қант бүркіп отыру керек және тамағы ақ жемге ауыстырылып, ат үстінде алып жүреді[6].
Бүркітке қоя салу
Қыран құстың ішінде байланып қалған қыл-қыбыр, жүн-жыбырды қолдан түсіріп, бабы¬на келтірудің бір тәсілі. Өз қорегін қыл-қыбырмен бірге қылғи салудан болатын құстың іш кінәратын құсбегілер қоя деп атайды. Құстың ішінде байланып қалған қоясын қолдан түсірудің әртүрлі амал-тәсілдері бар. Кінәратқа тап болса, түрлі заттарды мәжбүрлеп түсірту үшін құстарға ағаш, сүйек, қызылша, шөп, күйдірілген мүйізден, тіптен киізден (ағаш, шөп, киіз) қоя дайындап салады. Тәжірибелі, кәнігі бүркітшілер қолындағы құстың іш кінәратының ерекшелігіне қарай қояның киіз қоя, жал қоя, зерде (түйенің шудасын орап салынган түз) және т.б. түрлерін пайдаланады. Қоя тастарда бүркіт иықтарын қомдап, мойынын созып талпына береді. Егер киіз қояның түсі сол қалпында түссе, ішінің тазарғандығы, ал сарғайып, көгеріп кетсе әлі де таза еместігінің көрсеткіші. Мұзды сүйірлеп жонып, мұз қоя және су тамызған сығылған қар - томыртқа береді. Түйе шудасын тұзды суға (сорботқа) орап салатын түрін зерде деп атайды. Ол жем сіңбей бөгіп, құстың аңға ұшпай қалған кезінде табанда құстырып ішін тазартатын әдіс.
Бүркіттің жемі
Қыран бүркіттің қорегі, бабына келтіру, қайыру үшін арнайы берілетін тамағы. Бүркіттің негізгі жемі ет екендігі белгілі. Бүркітші құсбегілердің байқауынша, бүркіт тез семіріп, баяу арықтайды. Бап жемін бүркітшілер түлек жемі, қайыру жемі, зар күйі жемі деп үшке бөледі. Жем қызыл, жылы цқан, түлек жемі, сары бөртпе, ақ жем, толарсақ деп, ал жемнің мөлшері тояттату тойдыру, тарта беру, бөтеге көтеру, орта бөтеге, сынау бөтеге және т.б. аталады.
Қансоқта - мал немесе аңның қаны сорғалаған жылы еті. Әл беретін қуатты жемге саналады. Түлек және саят кезінде беріледі.
Сусоқта -бір тәулік суға салып жасытқан семіз ет. Құсты ширықтыру үшін беріледі.
Тоят -құстың аузын толтыра асайтындай, ұстаған аңының жас, бір кесек ыстық еті. Аңның сан етінен кесіп алып, құсқа бір екі дүркін жұлғызса, оны да тоят дейді.
Қызыл -қан-сөлі бойында, суға шайылмаған түйір-түйір ет.
Алажәукім - майы аз ет. Оған көбінесе балықтың еті таңдалады. Ол түлекте отырған құсты дереу түлетеді. Құнар -саятшылық кезінде берілетін алдын ала дайындалған кепкен ет. Аң кезікпей, ала алмай зеріккенде, ашыққанда әлдендіру үшін немесе қиқар мінез танытып, аулаққа ұшқанда шақырып алу үшін беріледі.
Тартпа -аңның немесе малдың сіңірлі сөлсіз етінен дайындалған шандырлы жем.
Сары бөртпе -туралған соң екі-үш мәрте суға жуылып, сығымдалып, сөлінің жартысынан арылған, түсі бозалаңдап, қызылсары түске енген ет. Бұл да құнарсыз болғандықтан, кұсты шымырландырады, азғана ғана күш-қуат береді.
Бөртпе –етті суға бір тәулік бойы бөрттіріп, сөл, майынан арылтып,құнары азайтылған жем түрі. Ол кұстың іш майын арыл¬тып, қара етін толтырады. .
Iк жем -жапырақтап туралып, инемен пісіп шабақталып, жылы суға бес-алты рет шайылып, сығылып, бар сөлінен арылған, түсі ақшүберектей болған ет. Ақ жемді көбінесе қайырған кез¬де береді. Саят кезінде тоқ болғандықтан, аңға түспей қойған кезде де береді.
Боз өкпе -үрлеп, аязға тоңазытқан мал өкпесі. Құнарсыз жем болғандықтан, тойынып аң аулауға зауқы болмай кеткен кұска беріледі. Қойдың өкпесін тұтастай бөлектеп алып, кеңірдегі арқылы үрлеп үлкейтіп, ішіне суды толтыра кұйып суық жерге іліп та¬стайды. Біраздан кейін өкпенің ішіндегі қаны суға шай¬ылып, сыртына шығып тамшылап ағып, бозарған кұр сірнесі қалады. Мұны қолаба дейді. Қолабаны бүркітке жемаяққа турап, көлкілдетіп мол берсе, іш майы таусылып, қарнын ашырады. Құсты баптау, қайыру кезінде құсбегілер «бап дегеніміз жем, жем дегеніміз бап» дейді.Осы кезеңде құсқа қолаба, сары бөртпе, ақ жем береді.Қайыру кезінде берілетін жемді май, шандыр жібермей,неғұрлым жұка жапырақтап турап, саптыаяққа са¬лып, үстіне суық су құйып, бөрттірген соң қанын сығып шығарып, қайта-қайта шайып, қан сөлсіз, құнарсыз жем дайындайды.
Бүркітке байланысты ғұрыптар мен жосын-жоралғылар
Аушы құс көк Тәңірінің елшісі, ол Күннен жаратылған, күннің еркесі, көктің иесі деп көп халықтың көне сенімінде аса жоғары дәріптеледі. Бүркітке табыну күллі жануарлар мен адамзат әлемінен жоғары тұрды. Оны аспан денелерімен шендестірді.
Дәстүрлі ортада қолдағы бүркітке төмендегідей ат қойған. Мәселен: Ақиық, Ақбалапан, Ақбұршақ, Бақабас, Бұқатана, Барқын, Баршын, Қандыбалақ, Қырансары, Құлакер, Кершолақ, Саршолақ, Сөпелексары, Жапырыққара, Мұзбалақ, Алтайдың ақиығы, Қобданың қара кері, Нарының сарысы, Тақыртірек, Мартулы қыран, Шомбалсары, Ішжарғыш, Кәрішөгел және т.б.
Бүркіт аң ала алмай ауырып мазасызданса, тіптен ұшып кетсе де көз тиген деп ырымдайды . Құс ұстайтын торды құрар алдын¬да қазақ құсбегілері тоқылған торды өз үйінің есігінің маңдайшасына іліп, етегін екі босағадан салбыратып түсіріп қояды. Тордың үстінен адам көп аттаған сайын оның жолы ашылып, бүркіт тез түседі деп ырымдайды. Бүркіттің тұғыры да киелі деп саналған: оған адам отыруға және оны бос қоюға болмайды[8].
Көп жыл серік болған құсын қариялар қартайса да құрметтеп үй жанында ұстайды. Ал қайраты қайтқан қыранды «құс тебінен қайтты» деп қоя беретін де дәстүр бар. Атақты Әлібек батыр жылына алпыс түлкі, он қарсақ, он екі қасқыр алған құсын Құлагер аты мерт болған жылы ырым етіп, қолынан босатып қоя берген деседі.
Бүркіттің пірі
Қыран бүркіттің желеп-жебеушісі. Байырғы түпқазақ этномәдени ұжымның мифтік санасында төрт түліктің пірлері Жылқышы Ата (Қамбар Ата) (жылқы), Ойсылқара (түйе), Шопан ата (қой), Шекшек Ата (ешкі), Зеңгі Баба (сиыр) болса, қоңыр аңдардың пірі немесе желеп-жебеушісі Кербұғы, Кертеке, (Ортеке) деп аталған. Ал қыран құстардың, бүркіттің пірі Шегірбаян екені айтылады.
Бүркіт құны
Қыран бүркіттің, затқа шаққандағы бағасы. «Жеті Жарғыда» қазақтың аңшылығына ерекше ден қойып, оны бұзғандарды жазаға тарту туралы арнайы бап енгізілген. «Жеті Жарғыда» аңға салатын итті, құсты (бүркітті) өлтірген адамнан олардың иесіне бір құл немесе бір күң беріледі деген. Жақсы бапталған қыран бүркіт Шу мен Сырдарияда 5-6 түйеге, қаршыға мен сұңқар 1-2 түйеге бағаланған. Біреудің қыран құсына көзі түсіп, көңілі ауса оны қалап сұрап алады. Оның қарымтасына беретін кәдені «тұғыр жабар»деп атайды. Оның көлемі XIX ғ.-дың соңында өте қымбат болған: бүркіттің сайыпқырандығына қарай, аталық түйе бастатқан тоғыздан бастап, 5-6 түйеге дейін берілген[9].
Қазақтың әдеттік құқығында бүркітке қатысты арнайы ережелер бар. Алтай қазақтарының «Төрт би ереже заңдарында» ол туралы былай делінеді: бүркіт ұясы кімнің жерінде болса, балапан сонікі. Оған ешкім қол сұқпайды. Түз бүркіті қашып кетіп басқа бір адам ұстап алса, тауып алғанына екі апта өтсе, бүркіт екінші ұстап алған адамға тиесілі болады. Екі жеті уақытына жетпесе, бұрынғы иесіне қайтарады. Қол баққан бүркіт (ұядан алынған балапан) қашып кетіп, басқа біреу ұстап алса, ұстағанына бір ай толмаса, бұрынғы иесіне қайтарылады. Егер айдан асып кетсе, бүркіт тауып алған адамдікі болады. Бүркітшінің елге әйгілі қыран бүркітін біреу қастықпен өлтірсе құны бір атан түйе болып қүн төленген.
Бүркітті арулау
Құсбегілердің қыран бүркітті жерлеу салты. Қазақ құсбегілері бүркіті өлгенде қанат, құйрығына май жағып, ақ матаға орап, биік тау құздарына немесе адам аяғы баспайтын жерге арулап жерлейтін болған. Бүркіт иесі: «ат өлсе, ертоқым үйіледі, құс өлсе, тұғыры күйінеді»деген осы екен-ау деп қайғырады.
Бүркітті жоқтау
Қазақ құсбегілерінің қолындағы қыран құсы өлгенде жоқтау айтып, қайғыру ғұрпы. Қазақ құсбегілері қолындағы қыран құсы өлгенде дауыс шығарып жылап, жоқтау айтып қайғысын білдірген. Бүркіт қазақ қоғамында қоғамның бір жанды мүшесіне айналып кеткен. Қапелімде мерт болған немесе ауылда өлген бүркітке «ат өледі, құс қашады, екі қанат бір құйрық табылар, ажалы жетсе бәрі өледі» деп көңіл айтып, иесін сабырлылыққа шақырған[10]
Қосымша
Бүркіт - сұңқар тәрізділер отряды, қаршыға тұқымдасының қыраңдар туысына жататын ірі жыртқыш құс. Бүркіт солтүстік Американы, Еуразияны, солтүстік-Батыс Африканы, Жапония аралдарын мекендейді. Қазақстанда оның 6 түрі таралған. Жетісу өңірінде, сондай-ақ басқа аймақтардағы жазық жерлерде, тау бөктерінде кездеседі. Бүркіт — қырандар ішіндегі ең ірі, әрі күшті, дене бітімі мығым, жылдам ұшатын құс. Саусақтары салады, ірі, әрі бедерлі (мүйіз қабыршақтары бар). Қауырсындары бір түсті қара қоңыр. Желкесі мен мойнының сырты сарғыш жирен түсті. Жас бүркіттің құйрығы ақ, оның ұшында жалпақ қара жолағы, қанатының астында ірі ақ қауырсындары болады. ұябасарының бір қанатының ұзындығы (топшысынан шалғысының ұшына дейінгі аралығы) 65-74 см, шөулісінікі — 59-66 см. ұябасарының салмағы 3,8-6,3 кг, шәулісінікі 2,8-4,1 кг. Бүркітің құйрық қанатының ұзындығы 33-36 см, тұмсығының үстіңті жағы темен қарай иіліп келген, ұшы үшкір болады. Жұптасып тіршілік етеді. Бүркі суыр, қоян, түлкі, борсық, кейде тышқан мен саршұнақ, тасбақа, тұяқты жануарлардың (ақ бөкен, елік, қарақұйрық) төлдерін аулайды. Бүркі жемтігін тырнағымен емес, табанындағы бүртіктері — бездерімен буындырып өлтіреді. Ұясын (диам. 1,5-2 м) қурап қалған ағаш бұтақтарынан құздың, жартастың басына бірнеше жыл қатарынан салады. Наурыз-сәуірде 1-3-тен жұмыртқалайды, оны ұябасары 40-45 күн шайқайды. Балапандарын алғашқы күндері шәулісі асырайды. Олар 2,5 айлығында ұядан ұшады, бірақ ұябасары мен шәулісі ұзақ уақыт бойы баулын, қарауылдап жүреді. Табиғи жағдайда бүркіт 100 жылдай тіршілік етеді. Қыран бүркі мықтылықтың, қайсарлықтың, еркіндіктің белгісі. Қазақстанның туындағы бүркі бейнесі азаттықтың рәмізі ретінде бейнеленген. Бүркіті қолға үйретіп, баптап, саятшылықта пайдалану — қазақ халқының ертеден келе жатқан өнері. Оны аңға салу — төзімділікті, іскерлікті, асқан шеберлікгі керек етеді. Бүркітің балапанын ұядан алу үшін де үлкен тапқырлық керек. Амалайласы жетпесе, адам балапанды едтіріп алуы мүмкін. Қазіргі кезде бүркітшілік өнерге ерекше көңіл бөлініп, облыста арнайы салбурын ұйымдастырылып, жас бүркітшілер мектебі ашылуда. Еңбекшіқазақ ауданы Нұра ауылындагы Жалайыр Шора атындағы құсбегілер мектебі осының айғағы. Бүркі Ақсу-Жабағылы, Алматы, Марқакөл, Үстірт қорықтарында жылдан-жынға азаюына байланысты Қазақстанның "Қызыл кітабына" енгізілген (1996).[11][12]
Статусы
3-ші санат. Саны қысқарып бара жатқан түр. КСРО Қызыл кітабына (1984) тіркелген.
Жартастары бар ашық және орманды таулар, тасты қырқалар, қарағайлы және басқадай ормандар, өзендер жайылмалары, сексеуілді шөлдер[13].
Саны
Шығыс Қазақстан облысында 97,3 мың км² аймақта 50-70 жұп [15][16][17] мекендейді. Әлі де болса Тянь-Шань тауларында кәдімгідей. Алматы қорығында (73 мың га) 1970 жылы 3 жұбы ұялады [18]. Қазақстанда бүркіттің жалпы саны белгісіз, бірақ көрсетілген мысалдар бойынша, жүздеп бағаланады.
Негізгі әсер ететін факторлар
«Зиянды жыртқыштарды» ату кезінде тікелей жою, бүркітші-саятшылардың ұядан балапандарын алу, басқа мақсат үшін ұяларын бұзу, мекендейтін жерлерін шаруашылық мақсатта қайта құру, қоректің жетіспеуі, мазалау факторы, сол сияқты ЭТЖ-де тоқ соғып өлім-жітімге ұшырауы, уланған шақыртқы және өлексе қасында салынған қақпанға түсу.
Биологиялық ерекшеліктері
Отырықшы құс. Наурыз-сәуірде жұмыртқалайды. Ұяда 1-2 жұмыртқа болады. Алматы облысында 3-3-тен балапаны бар 2 ұя белгілі [19]. 40-45 тәулік бойы шайқайды. Балапандар ұяда 75 тәуліктей болады және 10-27 шілде аралығында ұшып шығады. Оңтүстік АлтайдағыНарым жотасындағы қорғалатын территориядағы ұялау табысы 79,8%-ды құрады [20].
«Жойылып кету қаупі бар жабайы фауна мен флора түрлерін сату жайындағы халықаралық Конвенцияның» 1 Қосымшасына енгізілген. Ақсу-Жабағылы, Марқакөл, Алматы және Үстірт қорықтарында қорғалады.
Қажетті қорғау шаралары
Аңшылар арасында жыртқыш құстарды қорғау қажеттігі жайында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу. Саятшы-бүркітшілердің бүркіттерді алу және ұстау ережелерін дайындау. Ұялайтын жерлерді жеке қорғау. Қыста үстеме қоректендіру [20][21].[22]
Зерттеу жөніндегі ұсыныстар
Ұялайтын жерлердің кадастрын жасау, аймақтар бойынша санын анықтау. Шектеуші факторларды, өнімділігін, өлім-жітімге ұшырауын, қоректік базасы жағдайының бүркіттердің орналасуы мен тығыздығына тигізетін әсерін зерттеу.
↑Орысша-қазақша түсіндірме сөздік: Биология / Жалпы редакциясын басқарған э.ғ.д., профессор Е. Арын - Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ. 2007. - 1028 б. ISBN 9965-08-286-3
↑Тоқтабай А. Қазақтардың аңшылыққа, құсбегілікке, балық аулауға байланысты жора-жосындары // Қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. Алматы: Арыс, 2005. І-том
↑Марғұлан Ә.Х. Саят құстары және олардың жаратылыстагы ерекшеліктері // ЕҚ. 2006, 22 наурыз; Марғұлан Саят құстары // Таңдамалы. 2-том. Алматы: Ала¬тау, 2007