Аспандияров Біләл (22.03.1886, Қостанай облысы Қарабалық ауданы — 18.09.1958, Алматы) — оқу-ағарту ісін ұйымдастырушы. Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі (1945). Ы. Алтынсарин ұйымдастырған екі кластық және Орынбордағы мұғалімдер мектебін бітірген. Ауылдық мектеп мұғалімі, Қостанай техникумының ұйымдастырушысы, меңгерушісі (1909 — 25). Жетісу губ. оқу бөлімінің меңгерушісі (1925 — 30) қызметтерін атқарған. А. Абай атынд. Қазақ пед. ин-тын бітірген соң (1931) Ағарту ин-тының, жоғары оқу орындарының оқытушысы, Қазақстан ғылым академиясының Тарих, археол., этногр. ин-тының аға ғыл. қызметкері болды. Қазақ мектептеріне арналған орыс тілі оқулықтары мен әдістемелік құралдарын, “Русская книга для казахских школ” (1931), “Учебник русского языка для начальной школы” (1934) т.б. кітаптар жазды. “Логика” оқулығын қазақ тіліне аударды. “Орысша-қазақша сөздік” (1946), “Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі” (1959 — 61) кітаптарының алғашқы нұсқаларын құрастырушылардың бірі. “Құрмет белгісі” орденімен марапатталған (1950).