Левинтов Борис Львович (26.4.1939 ж.т., Беларусь, Витебск қ.) — металлург, техника ғылымдарының докторы (1986), профессор (1993), Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының акад. (2003). Магнитогорск қаласындағы Тау-кен металлургия институтын бітірген (1961). 1964 жылдан Қазақстан ҰА-ның Металлургия және кен-байыту институтында қызмет етеді. Негізгі ғыл. еңбектері қара және түсті металдар металлургиясына арналған. Левинтовтың басшылығымен металлургия өндірісіне қажетті қиын байытылатын сирек металдар шикізатын алудың физика-химиялық негізі мен технологиясы бойынша іргелі әрі қолданбалы зерттеулер жүргізілді. Темірфосфорлы қорытпаларды орынды пайдаланудың тиімділігі жоғары технол. сұлбалары жасалып, техниканың әр түрлі салаларында өндіріске енгізілді. Құрамында фосфоры бар аса қымбат емес металоморфты қорытпаларды өндіріске енгізуді ұсынды. Жол құрылыс саласына мыңдаған тонна қатты техногенді қалдықтарды қолданудың жаңа бағытын (техноэкология) енгізді. Өндіріске енгізген экономика жағынан тиімді ғылыми еңбектері үшін Левинтовқа Қазақстан Мемлекеттік сыйлық (1982) берілді. Левинтов 250-ден астам ғыл. еңбек жазып, соның ішінде 2 монография 50-ден астам патент пен өнертабыс куәліктерін алған.[1]
Шығармалары
- Пирометаллургическая переработка редкометального фосфорсодержащего сырья, А.-А., 1987 (соавт.)
- Термодинамика фосфидных расплавов на основе железа, М., 1991 (соавт.)
- Новое в получении и применении фосфидов и фосфоросодержащих сплалов, А., 1992 (соавт.)[2]
Дереккөздер
- ↑ Қазақ ұлттық энциклопедиясы
- ↑ Қазақстан Республикасында кімнің кім екені - 2011 жыл. Екі томдық анықтамалық. Алматы, 2011 ІSВN 978-601-278-473-2