Боев Сергей Николаевич (17 ақпан 1905 жылы, Орал қаласында туған — 12 мамыр 1987 жылы, Алматы қаласында қайтыс болған) — ғалым, малдәрігерлік ғылымының докторы (1953 жылы), Қазақстан Ғылым Академиясының академигі (1954 жылы), Қазақстанның еңбегі сіңірген ғылыми қайраткері (1947 жылы). Саратов зоотехника-малдәрігерлік институтын бітірген (1932 жылы). 1932 — 54 жылдары Қазақ малдәрігерлік ғылыми-зерттеу институтының лаборатория меңгерушісі, директордың орынбасары (1954 — 55 жылдары). 1956 — 80 жылдары Зоология институтында лаборатория меңгерушісі, 1980 — 87 жылдары сонда ғылыми кеңесші болды. Негізгі ғылыми еңбектері үй малдары мен тұяқты жабайы аңдарда кездесетін гельминттерді зерттеуге арналған. Ол малда болатын құрттардың, әсіресе, тұяқты жануарлардың өкпесіндегі жұмыр құрттардың (нематодалар) түр сипатын, жүйеленуін зерттеді. Өкпе құрттарының 11 жаңа түрін ашты, туыстас, тұқымдас жіктеулерін жетілдірді; қойдың, сиырдың, түйенің, шошқа мен бұғының ас қорыту органдарында болатын құрттар терең зерттеліп, олармен күресу шаралары белгіленді. Ол тұңғыш рет ішек-қарын құрттарынан сақтану мақсатында малға фенотиазин дәрісін тұзбен, жеммен қоса пайдалану тәсілін ұсынды. Қазақстанда кездесетін трихинеллез, көп камералы эхинококкоз ауруларының табиғатын зерттеді. Гельминтологияда егіз-қосарлы түрлерді, табиғи ошақты аурулардың пайда болуының теориялық мәнін ашуға көп үлес қосты. 2 рет “Құрмет Белгісі” орденімен марапатталған, К.И. Скрябин атындағы сыйлық лауреаты (1980 жылы).[1]
Шығармалары
1. "Определитель паразитических нематод" -Мәскеу, 1952;
2. "Легочные нематоды копытных животных Казахстана" - Алматы, 1957;
3. "Основы нематодологии" -Мәскеу, т.25, 1975; т.26, 1976;
4. "Трихинеллы и трихинеллез" — Алматы, 1978;
5. "Strongylata" — (ағылшынша) Jerusalem, Israel, 1962;
Сілтемелер
1. "Боев Сергей Николаевич" Мұрағатталған 22 қарашаның 2011 жылы.
Дереккөздер
- ↑ “Қазақ Энциклопедиясы”, 2 том