Беркінғали Атшыбаев

Беркінғали Мұқашұлы Атшыбаев - Батыс Алашорданың белгілі қайраткері, 1897 жылы бұрынғы Гурьев уезі Қазыбек болысының Миялы ауылында туған. Ол - қазақтың тұңғыш мұнай барлаушы геологі.

Арғы атасы Қазыбек белгілі би болған екен. Өз атасы Атшыбай 1869-1870 жылдары кіші жүз қазақтарының көтерілісінде қол бастаған батыр болған. Әкесі Мұқаш көзі ашық, саудамда шұғылданған дәулетті адам екен. Шеркеш руынан шыққан.[1]

Беркінғали 1905 жылы Гурьев уезі Есбол болысындағы бір сыныптық орыс-қазақ мектебін бітірген. Онан кейін Орал реалдық әскери мектебінде оқыған. 1918 жылы төртінші Орал облыстық қазақ сиезінің қарарына сай Жымпитыда ашылған Ойыл болысы жігіттерінен офицерлер даярлайтын алты айлық юнкерлік мектепке түседі. Мектеп бітіріп, прапорщик шенін алған соң, Алашорданың батыс бөлігін басқару бөлімшесінің бас интенданты болып тағайындалады. Алаш әскерін азық-түлік, киім-кешек, оқ-дәрі, құралмен қамтамасыз етуде, Батыс Сібір және ағылшын елдерімен қарым-қатынас жасауда көп еңбек сіңірді. Әсіресе оның осы керекті заттарға қол жеткізу үшін Қызылқоға, Сағыз уездік земство арқылы Сібірдің оңтүстік батыс астықты аймақтарындағы кооперативтер мен жергілікті казақтардың Орал, ілбішін, Қаратөбе базарларында айырбас сауда жасауына жол ашқан тарихи еңбегінің мәні зор болды. Батыс Алашорда тізе бүккен соң, Түркістан майданы басшыларының кепілі ретінде ұсталып, Орынборға жөнелтілген бес адамның бірі. Олар 1920 жылы ақпанда Мәскеуге әкелінеді. Сол жылы мамырда Орынборға келіп, Қазревком ішкі істер бөлімінің іс жүргізушісі болып тагайындалады. Кейін сол мекеменің азаматтық бөлімінің меңгерушісі болып істеді. Ашаршылыққа ұшыраған елге азық-түлік жеткізуде көп еңбек сіңірді. 1922-1923 жылдары Мәскеудегі «Сантонин» тресінде іе жүргізу бөлімінің меңгерушісі болған. 1924-1926 жылдары «Казкрайсоюздың» Мәскеу өкілдігінде экономикалық тексеруші қызметін атқарған. Мұнан соң РКФСР Жоғарғы сотында аудармашы болып қызмет еткен. 1928 жылы Мәскеудің Тау-кен академиясы мұнай факультетінің геология бөліміне оқуға түседі.

1930 жылы «Алашордашыл жат элемент» деген айыппен оқудан шығарылады. Сол жылы Гурьев қаласына келіп, «Эмбанефты» тресіне қарасты барлау конторында геолог, картировка секциясының меңгерушісі болып істейді. Оның барлау жұмыстарының нәтижесінде Алтыкөл, Ескене мұнай көздері ашылды. 1937 жылы қазан айында «Эмбанефты» тресі бойынша Х.Ақботин, Т.Иманғазиевпен бірге «Құрамысовтың алашордашыл контрреволюңиялық ұйымына қатысты» деген айыппен тұтқынға алынады. Сол жылдың аяқ кезінде Орал қаласына айдалып, хабарсыз кетеді.[2]

Дереккөздер

  1. Геолог Беркінғали Атшыбаев кім? - Әбілқайыр Спан ...
  2. «Алаш» қозғалысы. Алматы, 2008. ISBN 9965-32-715-7


Strategi Solo vs Squad di Free Fire: Cara Menang Mudah!