Бактериофагтар (бактерия және гр.phagos — жегілер), бактерия жалмаушылары — бактерияларды, т.б. микроорганизмдерді ыдырататын вирустар; бактериялар жасушасын зақымдайтын және олардың еруін тудыратын вирустар.[1]
Оларды алғаш рет 1898 жылы орыс ғалымы Н.Ф. Гамалея (1859 — 1949) байқаған, 1915 жылы ағылшын ғалымы Ф. Туорт ашқан. Ал Бактериофагтар терминін ғылымға 1917 жылы алғаш рет француз ғалымы Ф. д’Эрелль енгізген. Бактериофагтар тек тірі клеткада ғана тіршілік ете алады. Ол ұзындығы 60 — 100 нм болатын бас бөлігінен және 100—200 нм таяқша тәрізді құйрықшадан тұрады. Бас бөлігінде бір немесе екі ДНҚ жіпшелері, 3%-тей белок, т.б. заттар болады. Құйрықша жиырылу қабілеті бар спираль тәрізді қаппен оралған ақуызды біліктен тұрады, оның шетіндегі базалды (негізгі) пластинкадан таралған өте жіңішке жіпшелер көмегімен Бактериофагтар басқа денеге беки алады. Бактериофагтар көптеген бактериялардан, соның ішінде патоген (ауру қоздырғыш), сапрофит (өлекселермен қоректенетіндер) топтарынан, сәулелі саңырауқұлақтардан, көк-жасыл балдырлардан табылған. Ол адам мен жануарлардың ішек-қарындарында, өсімдіктерде, топырақта, табиғи және ақаба суларда, көңде, т.б. ортада кездеседі. Бактериофагтар топырақтағы микроорганизмдерге зиянды әсер етіп, ондағы пайдалы процестердің (аммонилану, нитрлену, атмосфераазотын тұту) қалыпты жүруіне кесірін тигізеді. Сондай-ақ, Бактериофагтар азотобактердіңазот тұтушы қабілетін, патоген бактериялардың улылық және антигендік қасиеттерін өзгерте алады. Ал кейбір Бактериофагтар микробтарды жүйелеу саласында, микробиол. синтездеуде (антибиотиктерді, амин қышқылдарын, сүт өнімдерін, бактериялық тыңайтқыштарды даярлауда, т.б.), сонымен қатар адамдар мен жануарларда кездесетін бірқатар жұқпалы (оба, іріңдеткіш стафилакоктар, тырысқақ, іш сүзегі және анаэроб инфекциялары) ауруларды қоздыратын бактериялардан алдын-ала сақтандыру және емдеу мақсатында қолданылады. Генетика мен молекулялық биологияның теориялық мәселелерін анықтап, шешуде Бактериофагтардың маңызы зор.[2]
Дереккөздер
↑Орысша-қазақша түсіндірме сөздік: Биология / Жалпы редакциясын басқарған э.ғ.д., профессор Е. Арын - Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ. 2007. - 1028 б. ISBN 9965-08-286-3