Аспандияр Кенжин (1887, Гурьев уезі, Рәкөш ауылы — 1938) — Алаш партиясының Батыс Қазақстандағы белсенді мүшелерінің бірі.
Өмірбаяны
1897- 1902 жылдары Есбол ауылында мектепте, Гурьев қаласындағы екі сыныптық орыс-қазақ мектебінде оқыған, 1902-1906 жылдары Орынбордағы орыс-қазақ мұғалімдер мектебін бітірген. Оқып жүрген кезінен бастап жаңашыл, халықшылдық бағыт ұстанады. 1907-1917 жылдары Орал губерниясында оқытушы болып жұмыс істейді.
«Қазақ» газетінің жұмысына белсене араласты, газетті қолдау үшін «Азамат» серіктестігіне кірі тартады. 1917 жылдың басында оқытушылықпен қатар Елек тұтынушылар қоғамы басқарма төрағасы, Елек азаматтық атқару комитетінің хатшысы болып, Қарашығанақ болысында ұйымдастыру комитетінің төрағасы т. б. қоғамдық жұмыстар атқарады.
- 1917 жылы уақытша үкімет тарапынан Торғай облысы бойынша коммиссар болып тағайындалады. А.Байтүрсынүлының пікірімен ол батыс майданда қызмет көрсететін Ресей земствосының және Минск комитетіндегі бұратаналар бөлімінің меңгерушілігіне ұсынылады. Онда барған соң, тыл жұмысынан босаған қазақ жігіттерін елге қайтару ісімен шұғылданады.
- 1917 жылы Ә.Бокейхан, Ж.Сейдалин, М.Дулатов тармен бірге қазақ съездерінде қарау үшін «Қазақтарға, жаңарған Россияның ерікті азаматтарына» атты үндеуді әзірлеп жариялауға қатысады. Петроградқа келіп, Ресей мұсылмандары мәжілістеріне қатысып, мұсылман бюросын құруды, мұсылмандар съезін шақыруды қолдайды.
- 1917 жылы мамыр, шілде айларында майдандағы қазақ жігіттерімен бірге елге оралады. Оралға келген соң «Еркін дала» ұйымын құруға ұйытқы болады. Ә.Бөкейханды бірінші жалпықазақ съезіне делегаттыққа ұсынған 43 адамның бірі осы А.Кенжин болған.
- 1917 жылы Орынборда өткен бірінші жалпықазақ съезінде Бүкіл ресейлік құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат болып 81 адам сайланады. Солардың бірі А.Кенжин еді. Сол жолы Петроградтағы оқу комиссиясына қазақ атынан өкіл болып тағайындалады. Екінші жалпықазақ сиезінде Алаш орда үкіметінің уақытша ұлт кеңесі мүшесінің орынбасары болып сайланады.
- 1918 жылы Қаратөбеде өткш үшінші Орал облысы қазақтарының съезін ұйымдастырушылардың бірі болады.
- 1918 жылғы ақпаннан қазан айына дейін Темір уездік жер басқармасының төрағасы болады. Қараша айында Торғайға келіп, Алаш орда әскери кеңесіне мүше болып, әскерге адам жинауға қатысып, комиссия төрағасы болады.
- 1919 жылы Торғай қаласына келіп, Амангелді Иманов басқарған Қызыл армия отрядына қосылып, отрядтың шаруашылық бөлімін басқарады. Кейін кеңес үкіметінде жауапты қызметтер істейді.
- 1936 жылы Орынборда НКВД облыстық басқармасы тарапынан ұсталып, 1938 жылы 26 ақпанда атылады.[1][2]
Дереккөздер
- ↑ «Алаш» қозғалысы. Алматы, 2008. ISBN 9965-32-715-7
- ↑ Батыс Қазақстан облысы. Энциклопедия. — Алматы: «Арыс» баспасы, 2002 жыл. ISBN 9965-607-02-8