Қайыпов Арықтай Қайыпұлы[1] - (10.10.1914, Павлодар облысы Баянауыл ауданы Қарақұдық ауылы – 25.12.1993, Алматы қаласы) – геология-минералдық ғылымдарының докторы (1964), профессор (1968), Қазақстан ғылым академиясының академигі (1972). Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылыми қайраткері (1971), Қ.И.Сәтбаевтың шәкірті. Қазақстанның және Орта Азияның металлогениялық картасын құрастырушылардың бірі. Қазақ тау-кен және металлургия институтын (1939, қазіргі Қазақ ұлттық техникалық университеті) және аспирантурасын (1943) бітірген. 1939 жылы КСРО ғылым академиясының Қазақ бөлімшесіне қарасты Шұбартау геология партиясын басқарды. 1943–93 жылдары Қазақстан ғылым академиясының Геология ғылымдар институтында кіші, аға ғылыми қызметкер, сектор жетекшісі, институт директорының орынбасары (1964–66), бөлім меңгерушісі болды. Арықтай Қайыпұлының негізгі ғылыми жұмыстары металлогения саласына арналған. Орталық Қазақстанда Ақмая сирек металл кен орнын ашқан. Арықтай Қайыпұлының Ащысай және Зырянов кендерінде жүргізген зерттеулері жаңа кентас қабаттарын табуға, кендердің жалпы қорын анықтауға мүмкіндік беріп, Алтай қаласында қорғасын комбинатының салынуына негіз болды. Комбинаттың жаңа шикізат қорын тауып, үздіксіз жұмыс істеуіне үлкен үлес қосты. Оның Жетісу Алатауында, Шығыстағы Миөзек – Құсмұрын металлогениялық белдемінде, Солтүстік Қазақстан мен Сарыарқа аудандарында жүргізген зерттеулерінің нәтижесінде алтынның, мыстың, полиметалдың өндірістік кендерінің төм. палеозойдағы жанартаулық жыныстармен байланыстылығы Қазақстан аумағында алғаш рет анықталды. Бұрынғы еңбектері бойынша докторлық диссертация қорғады. Арықтай Қайыпұлының басшылығымен 11 томдық «Металлогения Казахстана» монографиясы жарық көрді (1977–83). КСРО Мемлекеттік сыйлық лауреаты (1985). Халықтар достығы орденімен, медальдармен марапатталған. 200-ден астам ғылыми жарияланымның авторы.
Дереккөздер
- ↑ Қазақ энциклопедиясы