Амангелді ауданы — Қостанай облысының оңтүстік-шығысындағы әкімшілік бөлініс. Аумағы — 22,6 мың км². Алғаш "Батпаққара ауданы" деген атпен 1928 жылы құрылды. 1936 жылы оған халық батыры Амангелді есімі берілді. Аудан орталығы — Амангелді ауылы.
Торғай үстіртінің оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан. Оңтүстік-шығысын Жыланшықтүрме (абсолюттік биіктігі 250–300 м) қыраты, Айғыржал (300–350 м) және Қырғыш тауларының солтүстік сілемдері (500 м) алып жатыр. Батыс жағының едәуір бөлігін “Торғай қолаты” деп аталатын ескі аңғардың шығыс беткейі қамтиды. Оған шығысынан Сарыөзен, Торғай, Жыланшық өзендерінің аңғарлары келіп түйіседі. Жер бедері ойлы-қырлы, таулы-ойысты болып келеді. Кен байлықтары: қоңыр көмір, темір кентасы, боксит және құрылыс материалдары.
Климаты, өсімдігі мен жануарлар дүниесі
Климаты тым континенттік, қысы суық, жазы ыстық және қуаң. Қаңтардың орташа температурасы — -16–-22°С, шілдеде — 22–24°С. Жауын-шашынның жылдық мөлшері — 250–350 мм. Топырағы солтүстік пен солтүстік-шығыста қоңыр, оңтүстік мен оңтүстік-шығысында ашық қоңыр. Сортаң топырақ та кездеседі. Ауданның Торғай және оның саласы Жалдама өзендеріне дейінгі солтүстік бөлігін жусан аралас бетегелі, селеулі, жусанды, көкпекті шөп өскен құрғақ дала алып жатыр. Оңт-ндегі шөлейт аймақта ақ жусан, көде, еркек шөп, қара жусан, көкпек және бұйырғын өседі. Өзен жағалауында, ойпаңдарда галофит өсімдіктері аралас бидайықты, өлеңшөпті шалғын өседі. Жабайы аңдардан: қасқыр, түлкі, киік-сайғақ, борсық, ондатра, жабайы шошқа, қоян, дала бүркіті, көкек, қарға, ұзақ, сауысқан, жабайы көгершін, тоқылдақ, аққу, тырна, дуадақ, кекілік, бөдене тағы да басқа түрлері бар. Су айдындарында шортан, алабұға, ішінара, тұқы, сазан балық түрлері тараған.
Су торабы
Аудан Торғай, Ұлы Жыланшық өзендерінің бас жағы мен салалары — Сарыөзен, Жалдама және Қараторғайдың орта және төменгі ағыстары алабын қамтиды. Сарыөзеннің салалары — Үлкен Дәмді, Мойылды және Жалдама өзендері және Амангелді бөгені жер суғаруға кеңінен пайдаланылады. Аудан аумағында Балықты, Топалаң, Қоғалыкөл, Шақпақ, т.б. көлдер бар.
Шаруашылығы
Ауыл шаруашылық жерінің аумағы — 2689,6 мың га. Оның ішінде егістік — 244,0 мың га, шабындық — 95,2 мың га, жайылым — 2339,4 мың га (2006). Аудан аумағын Қостанай–Амангелді, Амангелді–Арқалық, Арқалық–Есіл автомобиль жолдары, Арқалық–Есіл темір жолының оңтүстік бөлігі басып өтеді.Аудан қалыпты көлік желілерімен қамтамасыз етілген. Жалпы пайдаланыстағы авто көлік жолдарының ұзындығы — 806 шақырым, оның ішінде 262 шақырым — асфальтталған жолдар.
Тұрғындар саны – 16 475 адам (2019). Ұлттық құрамы: қазақтар – 98,48%, орыстар – 1,52%, украиндар – 0,18%, немістер – 0,17%, басқа ұлт өкілдері – 0,23%.