Добросмыслов Александр Иванович (1854 – 1915) – қазақ халқының тарихы мен этнографиясын зерттеуші.
Орыс географиялық қоғамы Орынбор бөлімшесінің және ғылыми архив комиссиясының мүшесі. 1888 – 1901 ж. Торғай облысында мал дәрігері болып қызмет істеген. Қазақ ауылдарын аралап, қазақ халқының сан қырлы шаруашылық өмірімен, әдет-ғұрпымен танысқан. «Торғай облысындағы халықтың қоныстануы туралы» (1893), «Торғай облысы қырғыздарының XVIII – XIX ғасырлардағы сот құрылысы» (Қазан, 1904), т.б. қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіне қатысты бірқатар еңбектер жазған. Кейін Орынборда тұрып, жергілікті губерниялық архив қорын зерттеді. Нақты құжаттар негізінде XVIII-ғасырдың 1-жартысындағы Орынбор өлкесі тарихына қатысты құнды құжаттар жинаған («Ресей тарихы туралы материалдар», 1, 2-т, 1900) және XVIII – XIX-ғасырлардағы Батыс Қазақстан тарихы жөнінде «Торғай облысы» (1 – 3 т., 1900 – 02) аталатын 3 томдық ғылыми еңбегі жарық көрді. Добросмыслов өмірінің соңғы жылдары Түркістан өңірін, соның ішінде Оңтүстік Қазақстан қалаларын зерттеп, сол өлкенің тарихына «Ташкенттің бұрынғы және қазіргі тарихы» (1912), «Сырдария облысының қалалары (Қазалы, Перовск, Түркістан, Әулиеата, Шымкент)» (1912) атты еңбектерін арнады.[1]
Дереккөздер
- ↑ «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, V том