Ала Әд-Дин Байлақ Әл-Қыпшақи, Ала әд-Дин Байлақ бин Мұхаммед әл-Қыпшақи (шамамен 12 — 13 ғ.) — мәмлүк қыпшақтары арасынан шыққан ғалым. Ала Әд-Дин Байлақ Әл-Қыпшақи өз еңбектерінің кейбірін Мысырды Бейбарыс билеген кезде жазған. Кейбір деректер бойынша оның Мысыр мен өзі біраз жылдарын өткізген Сирияның рухани өмірінің ұйтқыларының бірі болғаны айқындалады. Ол өзінің “Канз ат-тиджар фи мағрифат әл-ахджар” (1282) (Мемлекет байлығы — асылтас саудасы) деген еңбегін Сирияның Хама уәлаятын билеген әл-Малик әл-Мансур ІІ-ге арнағандығы, тағы бір деректе оның әкесі Музаффар ІІ-ге арнағандығы айтылады. Поляк шығыстанушысы А. Зайончковский андалузиялық ғалым Асир әд-Дин Әбу Хайан Мұхаммед бин Йусуф әл-Гарнатидің (1256 — 1344) түсіндірме сөздігін және түркі текті Жамал әд-Дин Мұхаммед ат-Түркидің (14 ғ.) кітабын зерттей келе, бұл еңбектерге Ала Әд-Дин Байлақ Әл-Қыпшақидың “Әл-Әнуар әл-мудиға” (Жарық нұры) деген еңбегі арқау болғанын ескертеді. Әбу Хайанның аталған сөздігі біздің заманымызға дейін жетті, алайда Ала Әд-Дин Байлақ Әл-Қыпшақидың түркі халықтарының этнографиясы мен тілдік ерекшеліктері туралы жазған шығармасы әлі табылған жоқ.
Дереккөздер:
Қазақ ұлттық энциклопедиясы